Елордада көлік жүргізушілер қандай жол ережесін жиі бұзады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан е елордада 407 172 жүргізуші жылдамдықты асырып, 396 650 жүргізуші жол белгісінің талаптарын сақтамаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Елордада жыл басынан бері мас бола тұрып көлік жүргізген 1200-ге жуық жүргізуші ұсталды. 2 690 жаяу жүргінші ереже бұзса, 1 498 жүргізушінің әрекетінен авариялық жағдай туындаған. 6 882 жүргізуші көлік қаңтару және аялдау ережесін бұзған. Осы бассыздықтарға жол бергендердің ішінде 1500-ге жуық жүргізуші көлік айдау құқығынан айырылып, 849 жүргізуші қамауға алынды», - делінген департаменттің дерегінде.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жыл өткен сайын жаяу жүргіншілердің ереже бұзуы артып келеді.

«2020 жылы 10 032 бұзушылық анықталса, 2021 жылы 16 536 ереже бұзу фактісі анықталды. Қала бойынша 6000-нан астам «Сергек» камерасы орнатылған. Солардың көмегімен 824 281 жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. Әсіресе жылдамдықты арттыру және жол белгілерін елемеу жиі тіркеледі. Жыл басынан бері 407 172 жүргізуші жылдамдықты асырып, 396 650 жүргізуші жол белгісінің талаптарын сақтамаған», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.