Елордада көліктердің мемлекеттік нөмірін ұрлап, сыйақы талап еткен ер адам ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қала тұрғыны полицияға Байсейітова көшесі бойында белгісіз біреу «Хюндай Элантра» автокөлігінің мемлекеттік нөмірін ұрлап кеткенін айтып арызданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бопсалаушыны елордалық полиция қамауға алды. Ол бұрын сотталған 25 жастағы елорда тұрғыны болып шықты.

Қылмыскер әрекетінің схемасы қарапайым. Ол көліктерден мемлекеттік тіркеу белгілерін алып тастап, оның орнына көліктің алдыңғы әйнегіне нөмірді қалай қайтару керектігі туралы Telegram-арнаға сілтеме бар жазба қалдырған. Сосын көлік иелерінен хабарлама күткен. Көлік иелері байланысқа шыққаннан кейін қаскүнем ақша аудару үшін банк карталарының нөмірлерін немесе абоненттік нөмірлерді жіберген. Қызметі үшін 10 мың теңге сұрады. Қазіргі уақытта оның әрекетінен 8 адам зардап шеккені анықталды.

Аталған факті бойынша «бопсалау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталған азаматтың елорда аумағында бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті күзетілетін тұрақтар, сондай-ақ бейнебақылау камераларымен жабдықталған автотұрақтар көліктерді ұрлаудың алдын алуға септігін тигізетінін ескертеді.