Елордада көмір сататын орындарда дүрбелең жоқ – Қанат Көбесов
«Айтарлықтай дүрбелең (көмір сатылатын темір жол тұйықтарында) жоқ. Орын алған дүрлігу алыпсатарлық, яғни ол көмір сатушылармен тікелей байланысты. Қарапайым ғана статистикалық дерек келтіре кетейін, қазан айының 7 күнінің ішінде Нұр-Сұлтанға 171 вагон көмір түсірдік», - деді Қанат Көбесов елорданың көмір сататын тұйықтарына баспасөз-туры барысында.
Оның атап өтуінше, көмір таңдауда да тұрғындарға ешқандай проблема туындамауы тиіс.
«Бізде Майкөбе, Шұбаркөл, Қаражыра сынды кеніштерден әкелінген әртүрлі көмір бар. Бізге өтінімдердің бәрін қабылдап алушы береді. Нұр-Сұлтанда 8 темір жол тұйығы және 14 қабылдап алушы бар. Қабылдау алушылар халыққа көмір сатумен де айналысады. Елордаға шамамен 10 мың тонна көмір керек. Бүгін Нұр-Сұлтан стансасында 20 вагоннан көмір түсірілді. Қабылдау алушылар берген өтінімге сәйкес қажеттілікті толық жабамыз», - деді ол.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында 14 кірме темір жолы бар. Баспасөз-туры барысында аталған жолдарда көмір тиелген 75 вагон тұрды. Бұған қоса 138 вагон көмір жолда. Олар таяу күнде елордаға жеткізілмек.