Елордада Конституция күніне орай жаппай мерекелік іс-шаралар өтеді

АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - 30 тамызда еліміздегі басты мерекелердің бірі - Қазақстан Республикасының Конституция күні атап өтіледі. Осыған орай, елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына әр алуан мерекелік бағдарлама ұсынылады. Бұл күндері қалада мәдени және мерекелік іс-шаралар өтеді.

«30-31 тамызда «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда өтетін мерекелік іс-шаралар барысында қалалық шығармашылық ұжымдар мен отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Концерттік бағдарламаны сағат 10.00-де №2 музыка мектебінің тәрбиеленушілері мен «Айналайын» хоры ашады. Астана қаласының қуыршақтар театры театрландырылған қойылым көрсетсе, «НАЗ» би театрының әртістері өз өнерлерін ортаға салады»,-делінген елорданың ресми сайтында.

Сонымен қатар, «Студенттер саябағында» да қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекені мемлекеттік филармонияның концерттік бағдарламасы ашады. Сағат 13.00-14.00 аралығында Астана қаласының көркемөнерпаздар ұжымының концерті өтеді. Бұдан әрі «НОМАД» балалар шығармашылық ұжымы өнер көрсетеді, сағат 15.00-16.00-де Астана қаласының жеке орындаушылары ән шырқайды, ал 16.00-17.00-де қуыршақтар театрының театрландырылған қойылымы болады, 17.00-18.00 «НАЗ» театрының концерті, сағат 18.00-19.00-де «Көңілді тапқырлар театры» концерті өтеді.

Әкімдік алдындағы орталық алаңда қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен би кеші өтеді. Сағат 10.00-13.00 аралығында балалар шығармашылық ұжымдарының, сағат 13.00-16.00-де Мемлекеттік филармонияның концерті ұйымдастырылады, 16.00-17.00 аралығында Астана қаласының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.

Конституция күніне орайластырылған басты мерекелік концерт алаңда сағат 18.00-21.00 кезінде басталады.

Бұдан басқа, 30-31 тамызда сағат 10.00-19.00 аралығында барлық үш алаңда «Спортшылар жетістігі!» жарысы ұйымдастырылады. Мұнымен қоса, елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік сауда қызады. Орталық алаңда 10 ірі және 24 ұсақ бөлшек сауда орны, «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда 8 ірі және 10 ұсақ, "Студенттер саябағында" - 13 ірі және 10 ұсақ сауда орны ашылады.