Бүгін Астана қаласының Есіл ауданында көп балалы және тұрмысы нашар отбасынан шыққан 60 балаға мектеп формасы, кеңсе тауарлары мен рюкзактар, спорт заттары берілді.
«Өткен жылы 6 мың балаға жәрдем көрсеттік, биыл 8 мыңға жуық баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Аталған акцияны өткізуге қол ұшын берген демеушілерге алғысымды білдіремін. Іс-шараның басты мақсаты - балаларды мектепке дайындау болып табылады. Өйткені, балалары көп, түрлі себептермен баланы мектепке дайындай алмайтын отбасылар бар ғой. Біздің акцияға қолғабыс еткен кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, жеке бизнес құрылымдардың бар болғанына қуаныштымын», - деді Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқармасының басшысы Римма Иманғазинова.
Атап айтқанда, № 7, 49, 15, 18, 61, 20, 50, 23, 65, 34, 54, 19, 40 оқитын балаларға көмек көрсетілді.
Еске салайық, елімізде 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізіледі. Іс-шара көп балалы және тұрмысы нашар отбасынан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмектесуге бағытталған.