Елордада коронавирустың жаңа толқынына дайындық қалай жүргізіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Исақов елордада коронавирустың жаңа толқынына дайындық қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, бүгінде елордада коронавирус індетінің тәулік сайын 3-тен 20-ға дейін жағдайы тіркеледі. Басым бөлігінде ауру белгілері бар. Мектеп жасындағы балалардың арасынан да коронавирус анықталуда. Қазіргі уақытта онлайн режимде білім алған 9 және офлайн режимде оқыған 2 оқушыда коронавирус табылған. Осыған орай мектептер тиісті шаралар қабылдады. Онлайн оқыған балалармен байланыста болғандардың арасында коронавирус табылған жоқ.

«Қазіргі уақытта мектептерге мониторинг жүргізіп жатырмыз. 105 мектеп мен 29 балабақша тексерілді. Карантин талаптарын бұзғаны үшін 1 мектеп пен 3 балабақшаға хаттама толтырылды. Ереже бұзушылықтар негізінен маска режимін сақтамау болып отыр», - деді Зекен Исақов #ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында «ANTIKOR ORTALYǴY» алаңында.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінде елордадағы репродуктивтілік саны республикалық көрсеткіштен біршама жоғары болып, 1,2 пайызды құраған.

«Медицина ұйымдарының дайындығына да мониторинг жүргізіп жатырмыз. 9 қыркүйектен қаланың денсаулық сақтау нысандарына 36 мониторингтік тексеру жүргізіліп, 34-інде ескертулерге байланысты ұсыным берілді. Қалада коронавирус індетінің қайта өршуі кезінде инфекциялық, карантиндік және провизорлық төсек-орын құру тәртібі айқындалған. Бірінші кезеңде 5, екінші кезеңде 17 инфекциялық стационар жұмыс істейтін болады. Ал үшінші кезеңде қонақ үйлер мен жатақханаларды пайдалану жоспарланған. Осылайша, екінші толқын орын алған жағдайда 5 мыңнан астам төсек-орынмен қамтуды көздеп отырмыз», - деді ол.

Сонымен қатар ол елорда дәріханаларында медициналық маскалардың болуына да мониторинг жүргізіліп жатқанын айтады.

«Бүгінде маска бағасы 60 теңге тұрады. Дегенмен, оның бағасын арзандатуды жоспарлап отырмыз. 40 теңгеден аспайтын жаңа шекті баға бекітіліп қалуы мүмкін. Арнаулы маскалардың екінші санатының бағасы шамамен 60 теңге болады. Қазіргі уақытта еордада қуаты 7 мың тесттен асатын 14 зертхана жұмыс істеп тұр. Олардың бүгінгі жүктемесі 40 пайыз ғана. Күніне ары кеткенде 2,5 мың тест жасаймыз», - деді Зекен Исақов.

Департамент басшысы елордада өтемақы алатын 1 307 медицина қызметкері бар екендігін және төлем осы аптада берілетіндігін атап өтті.

«Өкінішке орай 24 қызметкерден айырылып қалдық. Олардың барлығының отбасына 10 млн теңге мөлшерінде өтемақы беріледі. Сонымен қатар қазіргі уақытта қалада дәрі-дәрмектің жеткілікті көлемі бар екендігін ресми түрде айта аламын. Біз дәріханаларда дәрі-дәрмектің қанша көлемі бар екендігі туралы ақпаратты да жариялап отырамыз», - деді ол.