Елордада көшеде оқ атқан ер адам жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Полиция департаменті қоғамдық орында дабыл тапаншасынан оқ атқан азамат қамауға алынғанын мәлімдеді.

Фото: Kazinform

– Полиция қызметкерлері автокөлік салонында отырып, дабыл тапаншасынан ауаға екі рет оқ атқан 29 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Тексеру барысында құқық бұзушының аталған әрекетті жасаған кезде алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды, – делінген ведомство хабарламасында.

Құқық бұзушыға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

– Қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін оған әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Ал қаруды заңсыз сақтау және алып жүру дерегі бойынша жиналған әкімшілік материал соттың қарауына жолданды. Сонымен қатар, сот қаулысымен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін құқық бұзушыға 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды, – деп хабарлады ПД.

Сондай-ақ, Полиция департаменті ҚР заңнамасынада қоғамдық тәртіпті бұзатын және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген заңсыз әрекет үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында қаруды сақтау талабын бұзған 700-ге жуық азамат жауапқа тартылғанын жазғанбыз.