Елордада қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыс барысында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз маслихаты өтті. Онда алғаш болып сөз алған Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Сергей Астахов сайысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс ассоциациясының президенті Сәкен Исабековке алғысын білдірді.

«Біз чемпионаттарды 2011 жылдан бері өткізіп келеміз. Бүгін Астанада өтіп жатқан сайыс – 7-ші әлем чемпионаты. Алғашқы бесеуі Ресейде, алтыншысы Ташкентте болды. Негізгі ұйымдастырушы – Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс ассоциациясы. Біз, яғни Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясы осындай жоғары деңгейде жарыс ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіреміз», - деді Сергей Астахов.

Оның айтуынша, әлем чемпионатына 32 елден келген 300-ден астам спортшы қатысып жатыр.

«Сайысқа 161 ер және 151 әйел спортшы қатысып жатыр. Кеше «Өзін-өзі» қорғау бойынша кездесулер өтті. Барлығы 18 медаль сарапқа салынды», - деп тоқталды Сергей Астахов.

Бұл чемпионатқа Қазақстан екі құрама қосып отыр. Мамандардың айтуынша, ел спортшыларының дайындығы жоғары деңгейде.

Айта кетейік, жалпы қазақстандықтар аталған спорт түрінен өткен әлем чемпионаттарында командалық есепте үздіктер қатарынан көрініп жүр.

Елордада өтіп жатқан жарысқа 9 әлем чемпионы қатысып жатыр. Олар «Жекепе-жек» және «Өзін-өзі қорғау» тәртіптері бойынша өзара сынға түсуде.

Ертең, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында финалдық кездесулер өтеді.