Елордада ҚР Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігінің кеңесі өтті

АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» Қоғамдық бірлестігінің қалалық кеңесінің бас кеңесі өтті.

Жиынға «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халық Қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев қатысты. Күн тәртібіне орай қалалық кеңестің тоғыз адамнан тұратын басшылық құрамы бекітілді. Ардагерлер генерал-лейтенант Б. Ертаевтың ұсынысымен қалалық кеңес төрағасына запастағы авиация генерал-майоры Жиентай Сандыбаевты бірауыздан сайлады.

Естеріңізге сала кетсек, наурыз айының соңында запастағы генералдар мен офицерлердің бастамасымен «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын.

Ұйымның құрылуының негізгі мақсаты - Қарулы Күштердің ардагерлері мен олардың отбасы мүшелерінің мүддесі мен құқығын қорғау болып табылады. Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып, офицерлік корпустың кәсіби дайындығын арттыруда төл әскерімізге жәрдемдесу, аға буынның жауынгерлік дәстүрлерін жалғастырып, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу.