Елордада кранның көпқабатты үйге құлау оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйдің алтыншы қабатына кранның құлау оқиғасына қатысты соталды тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«28 сәуір күні сағат 15:50-де «102» арнасына Сығанақ көшесі бойындағы үйде 6-қабатта орналасқан пәтердің терезесіне автокранның жебесі құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқыс оқиғадан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Есіл аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 204-бабы «Бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - дейді полиция департаментінен.

Сондай-ақ, хабарламада айтылғандай тергеу амалдары барысында залалдың сомасы белгіленеді.

Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының Сығанақ көшесінде орналасқан тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы пәтердің терезесіне автокран құлады .

Өз кезегінде қала әкімдігі болған жайтқа түсінік беріп, краны көпқабатты үйге құлап кеткен мердігердің жазаланатынын хабарлады.

Кеше көпқабатты үйге құлап кеткен кранның иесіне айыппұл салынғаны белгілі болды.