Мәдени іс-шараға «Қазақстан КТК одағы» аясында 2009 жылы өткен лигалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатыспақ. Атап айтқанда, «Құлсары құрамасы» (Құлсары, Атырау), «ҚазҰУ құрамасы» (Алматы), «Сөз тимесін» (Шымкент), «Мақтаншақтар» (Қызылорда), «Жұмыр» (Алматы), «Арал АС» (Арал), «Қызық Орда» (Қызылорда), «Хромтау құрамасы» (Хромтау, Ақтөбе) және «Достар KZ» (Семей) КВН командалары сахна төрінде өнер көрсетпек. Бұл командалар үлкен және кіші кубоктар үшін бақ сынайтын болады.
«Қазақстан КТК одағының мақсаты - қазақ тілін кеңінен қолдану өрісін көркейте түсуге және де беделін арттыруға үлес қосу, жас буынды тәрбиелеудің негізгі бағыттарының іске асуын қолдау, «Қазақстан - 2030» мемлекеттік даму стратегиясында көрсетілген салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың жан-жақты шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың зерделік әлеуетін жүзеге асыру, Қазақстан халықтарының ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының дамуына, өнегелі және рухани байлықтарын нығайтуға жағдай жасау», делінген баспасөз хабарламасында.