Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабынан хабарлады. «Жерұйық» саябағында - «Этно шуақ» бағдарламасы. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін этникалық музыкалық аспаптарда ойнау бойынша ақысыз шеберлік сыныптары, балалар мен ересектерге арналған қызықты ойындар, сондай-ақ «Бугарабу» барабан шоуы өткізіледі.
«Студенттік» саябағында - «Жадымның бұлттары» бағдарламасы. Өткен ғасырдың орта тұсындағы классикалық демалыс саябағының атмосферасы орнап, би өнері бойынша тегін шеберлік сыныптары мен қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Ал кешке елге танымал «Дос-Мұқасан» ансамблі өнер көрсетеді.
«Астаналық» саябағында - «Жаңа көкжиектер» бағдарламасы. Жаңартылған саябақтың ішінде шығармашылық инсталляциялар, қазіргі суретшілердің көрмелері, айналар лабиринті және «JCS» тобының қатысуымен музыкалық бағдарлама көпшілік назарына ұсынылады.
Ал Ғашықтар саябағында - «Махаббаттың күні» бағдарламасы. Мұнда көше театрлары әртістерінің қойылымдары, флэшмоб, қалыңдықтар шеруі және жарқыраған мәскеулік Fireshow көрсетіледі.