«Өткен қысқы кезеңде азаматтар дауылды ескертулер мен автожолдардағы қозғалыс шектеулерін елемей айналма жолдарды пайдалану фактілерінің орын алғанын, қар құрсауында техниканың қалу салдарынан адамдар өздерінің және жақындарының өміріне қауіп төндіргенін атап өткім келеді. Осыған байланысты департамент азаматтарға қысқы кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтау және өз өміріне қауіп төндірмеу қажеттігі туралы тағы да ескертеді», - деді ол елорда әкімдігінде өткен брифингіде.
Оның атап өтуінше, суық ауа райы басталған кезде азаматтардың жүріп-тұру жолында болатын жазатайым оқиғалар жиілеп кеткен.
«Ауа райы жағдайының нашарлауын болжау кезінде біз халыққа SMS-тарату, БАҚ, әлеуметтік желілер, Telegram-арна, «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы дауылды ескертулерді хабарлап отырамыз. Дауылды ескерту жарияланған кезде алыс жолға шығудан бас тартуға кеңес береміз. Жүргізушілер жолдардың жағдайы туралы ақпаратты қадағалап отыруы қажет», - деді Есен Байыров.