Сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен келген құсбегілермен қатар, Қытай, Моңғолия және қырғызстандық құс баптаушылар да қатысты.
Бұл - біздің Қазақстандағы жарысқа алғаш келуіміз. Ал, жалпы бұған дейін қазақстандық құсбегілермен тәжірибе алмасып, бірге жаттығулар өткізген болатынбыз. Осы сайысқа 2 құс әкеліп қостық. Өйткені, Астана қаласы алыс, құсты жеткізу оңай шаруа емес. Бұл сайыстан кейін Қазақстанда өңіраралық ойындар өтеді екен. Соларға да қатысуды жоспарлап отырмыз, - деді Қырғызстанның Салбурын ұлттық ойыны бойынша бас бапкер Нұрлан Молдаханов.
Сайысқа құс қосқандардың бірі - Жетісу облысының тұрғыны Әбдікерім Түсей. Ол бұл турнирге бүркітін 1 айдан аса баптаған.
Сайыс жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушылар құсын жақсы баптап келген. Біз Жетісу облысынан 3 құс алып келдік - екі бүркіт, бір ителгі. Бүгін күн райы қолайсыз болып тұр. Дегенмен, бабында тұрған құстар жемтігін ұстап, қолға оралып жатыр, - дейді Әбдікерім Түсей.
Турнир қаршыға, ителгі және бүркіт сайыстарын қамтыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жарыс келер жылы елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатындар үшін дайындық болмақ.
Өздеріңіз білетіндей, келер жылы бізде Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Ол бұған дейін екі рет Қырғызстанда, былтыр Түркияда ұйымдастырылды. Астана өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасында құсбегілік бар. Бұл сайыс сол ойындар алдындағы дайындықтың бірі деп айтсақ болады, - деп мәлім етті Астана қалалық спорт және денешынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Карбозов.
Турнир қорытындысы бойынша қаршыға сайысында түркістандық Төлемырза Паңның «Тұйғыны» бірінші орын алды. Алматы облысынан келген Аян Сейтжанның «Көкжендеті» екінші, атыраулық Арман Қошқаров баптаған «Ақсеңгір» үшінші орынға ие болды.
Ал ителі сайысында елордалық Ерасыл Серікбекұлының «Қаракөзі» үздік атанды. Екінші және үшінші орындар қарағандылық Таңат Оспанқұлов баптаған құстардың еншісінде.
Сонымен бірге, бүркіт сайысында бірінші орынды атыраулық Арман Қошқаров жеңіп алды. Екінші орын елордалық Ерасыл Серікбекұлына бұйырса, ақмолалық Ерлан Кенжетаев тұғырда үшінші көрінді.