Елордада қылмыс 33% дейін төмендеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында қылмыс деңгейі 33% дейін төмендеген, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Жалпы криминогенді ахуал бойынша қылмыстың төмендегені байқалады. Өткен аптада 559 қылмыс тіркелді, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 44 есе аз және өткен жылға қарағанда 328 есеге азайған», - деді Астана қалалық ІІД басшысы Марат Қожаев елорда әкімдігінің аппарат жиынында.

Оның айтуынша, осы тоқсанда қылмыс 33%-ға азайған. Өткен аптада кісі өлімі тіркелген жоқ. Ізі суып үлгермеген 87 қылмыс ашылды, бұрынырақ жасалғаны - 75, өткен жылы - 13. Сот пен тергеу амалдарынан қашып жүрген 14 қылмыскер ұсталды, із-түзсіз жоғалған алты тұлға табылды, 27 адам уақытша тергеу изоляторына қамалды.

Бейнебақылау камерасының көмегімен 16 қылмыс пен 1 369 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

 «Нөлдік төзімділік» бойынша құқық бұзушылық жұмыстары жалғасуда. 990 әкімшілік құқық бүзушылық анықталды, оның 91-і - ұсақ бұзақылық, 51 - тыныштықты бұзу, 241 - алкогольді ішімдік ішу және қоғамдық орындарда масаң күйде жүру, 107 - бекітілмеген орындарда темекі шегу, 424 - абаттандыру ережесін бұзу, 76 - бекітілмеген орындарда сауда жасау.

Сондай-ақ қалада тазалау және тәртіп жұмыстары да жүргізілуде. 51 ШОБ басшысы 1 358 825 теңге сомасында әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 4 мердігер мекеме 156 325 теңге сомасында, 2 құрылыс мекемесінің басшысы 36 075 теңге айыппұл төледі.

Ал жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында 6 млн 081 мың 042 теңге сомасында 1480 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді.

Өткен аптада 8 ЖКО (2017 ж. - 21) тіркелді, нәтижесінде 8 адам (2017 жылы - 18) түрлі дене жарақатын алған, қаза болғандар жоқ (2017 жылы - 3 адам).

Сонымен қатар, заңсыз көші-қонның да алдын алуда.

Өткен аптада мыңнан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 233-і соттың тәртібімен елден шығарылды.

Бей-берекет сауда орындарын тексеру барысында (Қошқарбаев территориясына қарайтын Шарын, Шанхай базары, «Артем» т.б.) 59 шетелдік анықталды, олардың көші-қон заңын бұзғаны үшін елде болу мерзімдері қысқартылды.

Шетелдік жұмыс күшін пайдалану және тарту ережесін бұзғаны үшін 48 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.