Елордада қылмыстық ғұрыптарды насихаттаумен айналысқан қылмыстық әлемнің беделдісі ұсталды

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қаласының тәртіп сақшылары қалада қылмыстық ғұрыптарды насихаттаумен айналысып жүрген 1968 жылы туылған қылмыстық әлемнің беделділерінің бірін ұстады.

Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған басқосуда Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанат Битенов баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, қылмыскерді полицейлер арнайы жүргізілген іс-шаралардың барысында құрықтаған. Ұсталған азамат бұрын да сотталған болып шықты. Астана қаласының Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері оны сәуірдің 6-сы күні Сейфуллин көшесінің бойынан ұстаған. Тексеру барысында қылмыскерден героин есірткісі табылған. «Қазіргі таңда ол қалалық Ішкі істер департаментінің уақытша оқшаулау орнында жатыр. Оның елорда аймағындағы өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», деді Ж.Битенов.