«Өткен аптада түнгі уақытта қымбат көліктердің шамдары мен айналардың ұрлануының бірнеше фактісі тіркелген еді. Талдау жасай отырып, қылмыстық полиция қызметкерлері автокөліктерді тонау қылмысы көбірек тіркелетін аумақтарды назарға алды. Аталмыш қылмыстардың бетін ашу үшін тәртіп сақшылары түнде рейд жұмыстарын жүргізді», - деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Түнгі рейд барысында елорданың 35 жастағы тұрғын қолға түскен.
«Ұсталған азаматтың үйінен тәртіп сақшылары қымбат көліктердің 5 жұп алдыңғы жарық берер шамын, 18 айнасы мен өзге де аксессуарларын анықтады. Сонымен бірге, ұры қылмыс жасаған жерлерден жұлып әкеткен 9 бейнебақылау камерасы табылды. Қазіргі уақытта аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның өзге де қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталуда», - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары көлігі тоналғандар болса, «102» нөміріне хабар беруді сұрайды.