Елордада «Қыс өрнегі» шаңғы фестивалі өтеді
«Фестивальге қатысушыларды тіркеу сағат 9.00-ден басталады. Жарысқа қатысушылар түрлі жас санатында 1 және 3 шақырым қашықтыққа шаңғы жарысы, шағын футбол, хоккей, белдесу, крикет, армрестлинг, гір көтеру, арқан тарту, мұз астында балық аулау және мотокросс сынды спорттың он түрі бойынша күш сынасады», деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты .
Бұл күні Есіл өзенінің арнасында спорт қалашығы бой көтереді. Фестивальді ұйымдастырушылар - Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы және Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс шараларды өткізу дирекциясы.
Өткен жылы шаңғы жарысына 2 700-ден астам адам қатысқан, оның ішінде оқушылар, студенттер, әскери қызметкерлер, жастар, қала тұрғындары мен зейнеткерлер де бар. Дәстүрлі «Қыс өрнегі» фестивалі - елордамыздың спорттық өмірінде айшықты оқиға болып саналады. Отбасымен, ұжыммен таза ауада қысқы демалыс ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік береді.