Елордада LRT-ға қатысты қағидалар бекітілді

Фото: CTS

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы әкімдігінің қаулысы «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарына сәйкес қабылданды.

Құжатқа сәйкес, қалалық рельсті көлікпен (метрополитен, трамвай, жеңіл рельсті көлік және монорельс) жолаушыларды тасымалдау белгіленген бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Жолаушылар көлік қызметін пайдалану үшін міндетті түрде жол жүру құжатын (билет) сатып алуы тиіс.

Қағидаларда билет беру, жол жүру ақысын төлеу тәртібі, сондай-ақ жолаушыларға ақпарат беру талаптары айқындалған. Сонымен қатар тасымалдаушы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қол жүгін тексеруге құқылы.

Құжатта жолаушылардың құқықтары мен міндеттері де нақтыланған. Атап айтқанда, жолаушылар билет сатып алып, белгіленген тәртіпті сақтауға, жол жүру құжатын сапар соңына дейін сақтауға міндетті. Ал 7 жасқа дейінгі бір баланы тегін алып жүруге мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзу, билетсіз кіру, қозғалыс кезінде көлікке міну немесе түсу, қауіпті заттарды алып жүру және көлік мүлкін бүлдіру секілді әрекеттерге тыйым салынады.

Қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелді. Құжат 2026 жылдың 12 сәуірінде қолданысқа енгізіледі.

Толық ақпаратты сілтеме арқылы қалалық рельсті көлікте жолаушыларды тасымалдау тәртібі, құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ енгізілген шектеулер мен талаптар туралы оқи аласыз. 

Бұған дейін Астана LRT-ның жолақысы қанша болатынын жазғанбыз.

Сонымен қатар Елордада жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын іске асырудың келесі кезеңі басталды. Шыңғыс Айтматов көшесінде LRT желісінің екінші кезегін салу аясында дайындық жұмыстары қолға алынды.