«Көрме екі үлкен бөлімнен тұрады. Біріншісі - «Дала әуендері» тақырыбына арналса, екінші бөлім «Дала атлантидасы» ауқымды циклмен көпшілік назарына ұсынылып отыр. Негізінен бұнда қазақ тарихына байланысты еңбектерімді алып келдім. Сонымен қатар осында бұрындары жасаған жұмыстарымды да көрсетіп отырмын. Олар экология, табиғат мәселелеріне арналған», - деді М. Аманбаев.
Айты кетейік, көрмеге суретшінің 40-тан астам еңбегі ұсынылған.
«Осы көрмені Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап отырмын. Бұл тұрғыда аманат ретінде жас шәкірттеріме үлгі болып, жастардың отансүйгіштік сезімін көтеруді мақсат ретінде қойдым», - деді ол.
Манатбек Сағындықұлы графика өнерімен шұғылданады. ҚР суретшілер Одағының мүшесі. Манатбек Аманбаев станокта және линографюра мен офорт баспа техникасындағы кітап графикасында жұмыс жасайды. Суретші өз шығармаларында күнделікті өмір мен бүгінгі күнгі мәдени дамудың өзара әсерін қарастырады. Ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын бұзып, ойланбай жасалған дала мен жартылай шөлейт жерлердің осал экологиясына зиян келтіретін icтергe назар аударып, нақтылы тарихи кезеңдердің белгілерін беру арқылы өз халқының, өз елінің дамуының бip жүйелі тізбегін жасайды. Манатбек Аманбаев жаратылысынан график, ол өз композицияларында ақ пен қара түстердің үйлесімдігін таба білген.