Елордада Magic Astana 2015 II халықаралық иллюзия мен сиқыр фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шілденің 5-6 күндері елордада Magic Astana 2015 II халықаралық иллюзия мен сиқыр фестивалі өтеді. Өткен жылы аталған шара тұңғыш рет ұйымдастырылып, көрерменнің лайықты бағасын алған еді.

Биыл Magic Astana әлемнің жетекші сиқыршыларын жинап, тағы да «чародейлер мен жәдігөйлердің» таңқаларлық шоуын көпшілік назарына ұсынбақ.

Екі күнге созылатын гала-шоу Бейбітшілік және келісім сарайының қабырғасын «теңселтері» сөзсіз. Өйткені оның шаңырағының астына жиналатын ғажайып шеберлері бас айналдырар таңқаларлық қойылым көрсетеді.

Иллюзионистердің айтуынша, олар көрермендерге әр түрлі бағыттағы, бұрын-соңды болмаған көріністерді дайындап келіпті.

Оңтүстіккореялық An Ha Lim карталармен адам сенгісіз әрекеттер жасап, ешкім қайталай алмас сиқыр көрсетіледі. Айта кетер болсақ, An Ha Lim - сиқыршылар арасындағы 24-ші Дүниежүзілік чемпионаттың күміс жүлдегері.

Фестивальға арнайы кенепте жанатын бояу және шағын жарықпен таңқаларлық картиналар салатын жапон суретшісі Jinpei Washiro, «Британия ищет таланты» шоуының финалистері, ресейлік «Юди» ұжымы келеді. Олар 2007 жылы Бірінші арнада өткен «Минута славы» шоуының жеңімпазы атанған болатын.

Осылайша, иллюзия мен сиқырдың Magic Astana 2015 фестивалі Қазақстандағы ең таңғажайып, ұмытылмас шаралардың біріне айналмақ, деп хабарлайды аstana kz.