Елордада «Махаббатым - Астана!» фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 шілде күні сағат 11.00-де М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының алаңында өтетін Қала күні аясындағы «Махаббатым - Астана!» мерекелік фестивалінің негізгі идеясы - еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ортақ Астананы тамаша түрлендіру, барлық тұрғындарға ерекше мерекелік тарту жасау.

Әр қаланың өзіне тән даму тарихы мен қайталанбас қолтаңбасы бар. Астана келбетін оның жас ғұмыры мен қазіргі күні және ертеңгі болашағы сипаттайды. Осында өмір сүріп жатқан әрбір адамның тағдыры Астана тарихымен тығыз байланысты. Фестивальға «Астана құрдастары» раутының жеңімпаздары - мектепке дейінгі лагерьлер, оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдарының балалары қатысады. Фестиваль аясында концерттік бағдарламалар, Оқушылар сарайының жазғы алаңында үлкен құтпарақ жасау жоспарланған.

Сондай-ақ Оқушылар сарайының тәлімгерлері «Астана - әлемнің жаңа қаласы» театрландырылған кіріспесіне қатысып, мереке көрігін қыздыра түспек. Сонымен қатар фестивальде «Астана құрдастары» қалалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.

Мереке соңында ұлттар мен ұлыстар арасындағы түсіністік, серіктестік пен ынтымақтастық ахуалы би ұжымдарының «Достық биі» өнерінен көрініс таппақ.