Елордада мамандандырылған ХҚКО көлік салығы бойынша қарызды тексереді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада мамандандырылған ХҚКО көлік салығы бойынша қарызды өз бетінше тексереді, деп жазады astana.gov.kz.

Елордада Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) инспекторлары жүргізушілердің көлік салығы бойынша қарызын өз бетінше тексеру мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін қарыздың бар-жоғын тек салық департаменті ғана анықтап келген. Жаңашылдық орталық қызметкерлері мен қала тұрғындары үшін қызмет көрсету уақытын айтарлықтай қысқартады. Енді салықтың төленгенін растау үшін салық органына барудың қажеті жоқ. Бүгінде қызмет тестілік режимде іске қосылды.

«Жобаны енгізудің басты мақсаты қызмет көрсету уақытын азайту және сапасын жақсарту болып табылады. ХҚКО инспекторлары салық органының интеграцияланған жүйесіне қолжеткізді. Әзірге, жоба Астанада ғана жұмыс істейді. Болашақта мамандандырылған ХҚКО бар басқа қалаларда да іске қосу көзделген», - деді «ХҚКО» РМК бас директоры Мұрат Айтуғанов.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы 2013 жылы қыркүйек айында өз жұмысын бастады. Осы күнге дейін орталықта 13 мыңға жуық жүргізуші куәлігі беріліп, 90 мыңға жуық көлік құралы тіркелген.