Елордада МӘМС бойынша келісім міндеттемелерін орындамаған 9 медициналық ұйымға айыппұл салынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында келісім міндеттемелерін орындамаған 9 медициналық ұйымға айыппұл салынды. Бұл туралы Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі 99,87 млрд теңгені, әлеуметтік медициналық сақтандыру көлемі 70,22 млрд теңгені құрады. Осыларды қосқанда жалпы сома – 170 млрд теңгеге жетіп отыр. Қаржыландыру көлемі 2019 жылға қарағанда 163 пайызға көп. 2020 жылдың 9 айында жоспарлы 111 млрд теңгеге қарағанда 96 млрд теңгенің (яғни 86 пайыз) қызметі көрсетілді. КТМК бойынша 73 млрд теңгенікі жоспарланғанымен, 68 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. МӘМС бойынша бұл көрсеткіш 38 млрд теңгелік жоспар бойынша 28 млрд теңгені құрап отыр», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров қала әкімдігінің Facebook парақшасы арқылы көрсетілген баспасөз мәслихатында.

Филиалдың директоры сонымен қатар 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін Нұр-Сұлтан қаласынан медициналық сақтандыру қорына 49 млрд теңге аударылғанын мәлім етті. Олардың ішінде жұмыс берушілерден 41 млрд теңге түскен. 2020 жылдың 9 айының ішінде елордалық жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісіммен жұмыс істейтін азамататтар қорға 19 млрд теңге аударған.

Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 қарашасына дейін халықтан 928 шағым түскен. Олардың 294-і қаралып, нысандарға барып тексерудің 9 мониторингі жүргізілген. Мониторинг нәтижесі бойынша келісім міндеттемелерін орындамағаны үшін медициналық ұйымдарға айыппұл санкциялары салынған. Бұл бағыттағы шағымдарды «Қолдау 24» мобильді қосымшасы арқылы «ай-кью» жүйесі бойынша беруге болады. Түскен шағымдар карантин шектеуіне қарамастан талданады.