Елордада Мәңгілік ел даңғылындағы веложолды алып тастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадағы Министрліктер үйі маңындағы велосипедке арналған жолды алып, жаяу жүргіншілер және көлік жолын кеңейтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: dreamstime.com

«Есіл ауданының әкімдігі бұл учаскеде жаяу жүргіншілер тротуарларын кешенді абаттандыру жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Жолаушылар ағынының жоғары болуын, сондай-ақ Мәңгілік ел даңғылының Қонаев көшесінен Нұржол бульварына дейінгі учаскесіндегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттілігін ескере отырып, көшенің жаяу жүргіншілер бөлігін кеңейту мақсатында веложолды бөлшектеу туралы шешім қабылданды. Бұрын тротуардың ені 50 см болатын, жұмыс аяқталғаннан кейін тротуардың ені 240 см болады», - делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, жолдың енін ұлғайту жаяу жүргіншілердің жүру жағдайын едәуір жақсартады.

«Министрліктер үйі жағынан даңғылдың қарама-қарсы жағында орталық саябақтан бастап Рысқұлов көшесіне дейінгі негізгі веложол орналасқан», - дейді әкімдіктен.