«Еліміздің мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отырған бүгінгі шара ана тілімізге, қазақ жеріндегі мемлекеттік тілге деген құрмет, қолдау деп білемін. Оған тек Алматы мен Астана ғана емес республиканың түпкір-түпкірінен қонақтар келуде. Олардың барлығы да тіл жанашырлары. Біздің ендігі мақсатымыз - мемлекеттік тілді жастардың күнделікті қолданыс тіліне айналдыру. өйткені, жастарға қажет тілдің өмірі ұзақ», - дейді шараға қатысушы Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті руханият бөлімінің меңгерушісі Ғапура Сарсенбайқызы.
Іс-шараның негізгі мақсаты - Тәуелсіз еліміздің тұтастығын және онда тұратын ұлттар мен ұлыстардың өзара татулығы мен түсінігін нығайту, сол арқылы Қазақстандағы саяси тұрақтылықты дәйекті ете түсу, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және мемлекеттік тілдің Қазақстан халқын біріктіруші факторы ретінде рөлін арттыру. Қазақ тілінің қолданылу аясын жетілдіре отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілді насихаттаушыларды моралдық және материалдық тұрғыдан көтермелеу.
Шараға зиялы қауым өкілдері, орталық атқарушы орган өкілдері, өңірден келген қонақтар, ЖОО-ның, колледждердің оқытушылары, студенттер, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, қала тұрғындары қатысуда.
Сонымен бірге шара аясында тіл жанашырлары марапатталып, елімізге танымал эстрада жұлдыздары Қарақат Әбілдина, Эльмира Жаңабергенова, Досымжан Таңатаров, Ибрагим Ескендір сынды әншілер мен «Жетіген» тобының қатысуымен концерт болады.