Елордада «Майдангер партизан» атты кітаптың таныстырылымы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 5 мамыр күні (сағат 16-00) Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Ұлы Отан соғысының ардагері Рахметолла Егізбаев туралы жазылған «Майдангер партизан» кітабының таныстырылымы өтеді. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының баспасөз қызметі хабарлайды.

ҚР Мәдениет қайраткері, журналист Баян Мұхамбетәлиевтің бұл еңбегі Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жарық көріп отыр.

Осы кітапта жауынгер Рахметолла Егізбаевтың Беларусь жеріндегі партизандық жолы туралы баяндалады. Сонымен қатар оққа оранған оттың ортасынан аман-есен елге оралған соғыс сарбазының бейбіт кезеңдегі өнегелі істері жайлы сыр шерткен жерлестері, қызметтес әріптестері мен партизанның отбасы мүшелерінің үлгі тұтарлық естеліктері автор Баян Мұхамбетәлиевтің туындысына арқау болған. «Майдангер партизан» кітабының «Дәйекке негіз деректер» мен «Өнеге толы естеліктері» атты екі бөлімнен тұруы осыдан.

Ал бірінші бөлімнің «Дәйекке негіз деректер» деп аталуы кездейсоқ емес. Өйткені майдангер партизанның өзі де, онымен бірге болғандар да өмірден өтіп, жарық дүниемен қош айтысқан. Сондықтан автор Беларусь еліне арнайы барып, мемлекеттік Ұлттық мұрағаттағы партизандық қозғалыс туралы материалдармен танысқан. Ондағы Рахметолла Егізбаевқа қатысты құжаттармен қатар, құрамында отандас жерлесіміз болған «Чекист» бригадасы отрядының ерлік істері де кітапқа енген. Беларусь Республикасының Ұлттық мұрағатында 370 мың партизан туралы мәлімет бар. Беларусь жеріндегі партизандық қозғалысқа Қазақстанның да көптеген жауынгерлер қатысты. Соның бірі басты кейіпкер Р.Егізбаев арқылы жаңа кітапта неміс басқыншыларына қарсы партизандық күреске зор үлес қосқан қазақстандықтардың ержүректігі көрініс тапқан.

Автордың мұрағат құжаттарын зерделеу нәтижелері бірінші бөлімге «Сегіз жылға созылған екі жыл», «Партизандық өмір соқпағы», «Мұратты күндер мұрағаты» атты атауларда сипатталады.

Екінші бөлім майдангер партизанның туған елге 1947 жылы оралғаннан кейінгі бейбіт өмірі естеліктер түрінде өрілген. Оны «Ешкімге жел боп тимеген», «Естен кетпес қызметтес жолдас», «Тәлімді тәрбие тірегі еді», «Әке қадірі» сынды атаулардан тұратын естелік топтамаларынан аңғару қиын емес.

Кітаптағы «Әкелер даңқы жолымен» және «Бейбіт өмір бейнелері» атты топтамамен берілген фотосуреттер де шығарма мазмұнын аша түседі. Тағы бір айта кетерлік жайт, «Майдангер партизан» туындысы бірден орысшаға аударылып, осы кітапқа еніп отыр.

Бұл - Б.Мұхамбетәлиевтың жазушылық жолдағы алғашқы қадамы. Бірақ өткен жылы оның құрастыруымен «Қазақстан - Орал» телеарнасының 50 жылдығына орай «Ақжайықтың айнасы» атты көлемді жинақ жарық көрген.

Кітаптың таныстырылымына зиялы қауым өкілдері шақырылып отыр.