Осыған орай бүгін Парламент Мәжілісінде М.Оспановтың «Мен сенемін» және «Саясаттағы және одан кейінгі 10 жыл» атты кітаптарының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М.Оспанов - еліміздегі көппартиялы жүйенің, демократия мен қазақ парламентаризмінің негізін қалаушы, сол кездегі Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің XII және XIII шақырылымдарының, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің I және II шақырылымдарының депутаты, экономика ғылымының докторы, «Еуразия» халықаралық академиясының академигі. Тұсаукесер рәсіміне жұртшылық аса көп жиналды. Саясаткердің туған-туыстары мен Парламенттің осыған дейінгі шақырылған және қазір қызмет етіп жатқан шақырылымдарының депутаттары, қоғам қайраткерлері мен елімізге белгілі азаматтар қатысты. Олар тұсаукесер рәсімінде М.Оспановтың өміріне, Парламенттегі қызметіне, сондай-ақ жеке басының қасиеттеріне қатысты ой-пікірлерін білдіріп, еске алды.
М.Оспановтың жұбайы Бақыт Оспанованың сөзіне қарағанда, «Саясаттағы және одан кейінгі 10 жыл» атты кітабын М.Оспанов көзі тірісінде-ақ шығаруды армандаған. «Мәкеңнің өмірі мемлекетіміздің қалыптасу жылдарындағы 10 жылымен тікелей байланысты. «Бүгінгі кітабында ол осы уақыт аралығындағы өмірін көрсетпек болған еді», деді Б.Оспанова.
Ал оның «Мен сенемін» атты кітабы соңғы рет депутат болып сайланардағы өмірінен көрініс береді. Кітапта белгілі саясаткердің баспасөз басылымдарында жарияланған мақалалары мен өзге де еңбектері бар. «Көзі тірісінде елімізде Мәкеңнің назарынан тыс қалған бірде-бір оқиға болмаған шығар. Ол республикада барлық жаңалықтарға өзіндік көзқарасы мен көңіл-күйін білдіріп отыратын. «Мен сенемін» атты кітабында Мәкеңнің мемлекет өміріндегі жаңалықтарға қатысты осындай ой, көзқарастары көрініс тапқан. Кітап екі бөлімнен тұрады. Оның біріншісі саяси мәселелерге арналса, екінші бөлімінде экономикаға қатысты жайттар баяндалады», деді Б.Оспанова.
Сондай-ақ ол бүгінгідей шараны ұйымдастырып, кітаптың тұсаукесер рәсімін ұйымдастыруға қолғабыс еткен азаматтарға алғысын білдірді.
Марқұмның жұбайының сөзіне қарағанда, М.Оспановтың жарияланбай қалған мақалалары мен еңбектері әлі де бар.