Елордада мектеп жәрмеңкесі өтіп жатыр
Олар Нұра ауданында цирк жанындағы автотұрақта, Байқоңыр ауданында «Аймақтау» сауда орталығының автотұрағында, Сарыарқа ауданында Demalys Promenade аллеясында, Есіл ауданында Ботаникалық парк автотұрағында және Алматы ауданында Абылай хан көшесі 20А мекенжайында орналасқан.
Жолдасымен үш бала тәрбиелеп отырған елордалық Жанар әдеттегідей биыл да бағаның көтерілгенін айтады.
«Жылда 1 қыркүйекке қарай бәрі қымбаттайды. Орташа есеппен алғанда бір баланың өзіне киім алуға 50-60 мың теңге жұмсаймын. Қазір ғана 15 мың теңгеге кеңсе тауарларын сатып алдым, бірақ, бәрін емес. Үш балам бар. Отбасылық бюджетке салмақ түспеу үшін 2 айда бөліп аламын. Өткен айда сатып ала бастадық, қалғанын осы айда аламын», - деді Жанар.
Ал сатушылар биыл дәптер мен А4 қағазының бағасы арзандағанын айтады.
«12 парақты кәдімгі дәптер 20 теңге тұрады. 36 парақты қалың дәптер құны – 160, ал 48 беттігі – 180 теңге. Өткен жылмен салыстырғанда біршама арзан. Қаламсап бағасы 20 теңгеден, түрлі-түсті қарандаш 500 теңгеден 2 мың теңгеге дейінгі аралықта. Оқушылардың сөмкесі 6 мың теңгеден бастап қымбаттай береді. Сурет салуға арналған альбом бағасы 300 теңгеден басталады. Пеналды 500 теңге мен 2 мың теңге аралығында сатып жатырмыз. Сатып алушы өтінсе, бағасын аздап түсіреміз. Баға қолжетімді. Өткен жылы қағаз, дәптер бағасы біршама жоғары болатын. Мәселен, А4 қағазы өткен жылы 4-4,5 мың теңге болса, биыл 2,5 мың теңгеден сатып жатырмыз», - деді Майра Болатқызы.
Әрине, сатушылардағы мектеп тауарларына баға әртүрлі. Дегенмен, Майра Болатқызының баға төмендегені жайлы айтқанын тағы бір сатушы Мақпал да растап отыр.
«Өткен жылы 12 беттік дәптерді 40 теңгеден сатқан едік. Қазір 25 теңгеден саудалап жатырмыз. Қалған тауарлардың бағасында айырмашылық жоқ. Ата-аналар балаларына 15 мың теңгеге кеңсе заттарын сатып ала алады. Тіпті кейбіреулері 15 мың теңгеге сөмкені де, кеңсе тауарларын да сатып алды», - деді Мақпал.
Валентина жәрмеңкеге немерелерін киіндіру үшін келіпті. Ол өткен жылы немерелерін жаңа оқу жылына дайындау үшін қанша қаражат жұмсағанын айтып берді.
«Кеңсе тауарлары бағасын сұрамадым. Бірақ, рюкзак бағасы қымбаттау екен. Бірақ, 8 мың теңгеден сатып алдық. Қателеспесем, өткен жылы үш баланы киіндіру үшін 500 мың теңге жұмсаған едік. Мектеп формасын, басқа да заттар сатып алдық. Өткен жылмен салыстырғанда баға өскені байқалады», - деді Валентина.
Елорданың тағы бір тұрғыны Әлия балаларға мектеп тауарларын арзанға сатып алу жолдарымен бөлісті.
«Әсіресе киім бағасы қымбаттаған. Тіпті шалбардың өзі 5 мың теңге тұрады. Жалпы бір балаға шамамен 70-80 мың теңге жұмсаймын. Әзірше қарап жүрміз, сатып алмадық. Кейде Wildberries арқылы сатып аламыз. Ол жерде біршама арзан», - деді Әлия.
Мектеп формасын сатушы Гүлнар биыл баға төмендегенін айтады.
«Мектеп формасы 15 мың теңге тұрады. Бұл сомаға жилетка, шалбар, костюм кіреді. Көйлек бағасы 4-5 мың теңге шамасында. Балаларға арналған туфлиді 6 мың теңгеден, крассовкиді 6 мың теңгеден бастап алуға болады. Қыздардың шалбары 6,5 мың, көйлегі 5 мың теңге тұрады. Юбканы 4-5 мың теңгеден сатып жатырмыз. Өткен жылы ерлерге арналған костюмдер 17 мың теңге болған. Биыл бағасы түсті. Қымбат емес деп ойлаймын. Биыл 15 мың теңгеден саудалаудамыз», - деді Гүлнар.
Айта кетейік, мектеп жәрмеңкесі 1 қыркүйекке дейін әр сенбі және жексенбі күндері жұмыс істейді.