Елордада «Мектепке дейінгі білім беру: жағдайлары, үрдістері, нәтижелері» атты қалалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Астана қалалық білім басқармасы мен Білім беру жүйесіндегі кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі білім беру: жағдайлары, үрдістері, нәтижелері» атты қалалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.

Конференцияның мақсаты - мектепке дейінгі білімнің өзекті мәселелерін шешу бойынша отандық ғалымдардың ғылыми қызметтері мен үздік педагогикалық тәжірибелерді біріктіру және қазіргі ғылым мен практиканың жетістіктерін есепке ала отырып, бүлдіршін жастағы және мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуді, оқытуды, дамытуды қазіргі заманға лайықтап әзірлеу.

Конференцияға Астана қалалық білім басқармасы мен Білім беру жүйесіндегі кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының қызметкерлері, Астана қаласы жоғары оқу орындарының ғалымдары, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері мен педагог қызметкерлері қатысады.

Конференция қатысушылары «Мектепке дейінгі білім беру: жағдайлары, үрдістері, нәтижелері» көрмесінің тұсаукесерін тамашалай алады.

Секция отырыстарында мектепке дейінгі ұйымдар педагогтары мен психологтары сөз алып, «Мектепке дейінгі білім беру мазмұнының көптүрлілігі», «Мектепке дейінгі білім беруді басқару жүйесіндегі инновациялар», «Балабақшада оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру» бойынша өзекті мәселелер талқыланады.

Ғылыми-практикалық конференция қорытындысы бойынша мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие мазмұнының сапасын арттыру, білім беру мен тәрбие үрдісіне инновацияларды енгізу, мектепке дейінгі ұйымдар педагогтарының кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша ұсыныстар қабылданады.