Акция елордада 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін өткізілді. Шара барысында тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан 7 667 балаға көмек көрсетілді, деп хабарлады, astana.gov.kz .
«Акция аясында бірнеше шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Бірінші сынып оқушыларына сыйлық» (мұқтаж отбасылардағы бірінші сыныпқа барған балаларға сыйлықтар табыстау), «Мейірімді қолдар» (ірі сауда орталықтарында орнатылған киім-кешектерді, мектепке қажетті заттарды қабылдауға арналған контейнерлер), «Отбасы отбасыға көмектеседі: баланы мектепке дайындаймыз» акциялары мен 16 және 23 тамызда мектеп жәрмеңкесі өткізілді. Биыл шараға жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, еріктілер мен қала тұрғындары белсенді қатысты», - деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымхан Сенғазиев.
«Мектепке жол» акциясының басталуы мен барысы туралы ақпарат Астана көшелерінде 20-дан астам билборд пен пилонда жарияланды, сондай-ақ, №№ 13, 45 және 55а мектептерде ашылған қоғамдық қабылдауларда таратылды», - деді ол.
Қ.Сенғазиевтің айтуынша, алдымен қолдауды қажет ететін тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балалардың тізімі жасалды. 1 қыркүйек қарсаңында олардың барлығы мектепке қажетті заттармен, киім-кешекпен және спорт киімімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, демеушілік көмектің арқасында жылы сыртқы киім мен аяқ киімдер таратылды.
Балалардың әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуының алдын алу үшін жалпы 2 584 адамнан жұмыс тобы құрылды. Оған педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, полицейлер мен ата-аналар енді. Топ мүшелері пәтерлерді, жеке және саяжай секторларын аралады.