Елордада мемлекеттік тіркеу нөмірі бірдей ресейлік көліктер анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Нұр-Сұлтан-Щучинск» және «Алматы-Қорғас» ақылы жол учаскелерінде мемлекеттік тіркеу нөмірлері бірдей Ресей Федерациясының автомобильдері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, «Нұр-Сұлтан-Щучинск» ақылы учаскесінде H837HУ96rus нөмірлі «Toyota Estima» маркалы автомашина тіркелген. Осы уақытта дәл сондай нөмірлі автомашина «Алматы- Қорғас» тасжолында жүріп өткен. «Toyota Estima» және «Toyota Alphard» маркалы автомобильдерге қатысты да осындай жағдай тіркелген. Еліміздің аумағында 0298УH96rus нөмірлік белгісімен «Toyota Estima» маркалы және M251TOrus нөмірлік белгісімен «Toyota Alphard» маркалы үш автомобиль жүретіні анықталған.

«Барлық саптық бөліністерге мемлекеттік тіркеу нөмірі машиналарды ұстау жөнінде бағдар жіберілді. Жол қозғалысын мониторингілеу барысында аталған автомашиналар елорда аумағында анықталды. Полиция департаментінің мамандандырылған батальоны қызметкерлері мемлекеттік нөмірі 0298УH96rus «Toyota Estima» маркалы автомашинаны және мемлекеттік нөмірі M251TOrus «Toyota Alphard» маркалы автомашинаны ұстады», - деп атап өтеді департаменттен.

Ведомство мәліметінше, қазіргі кезде нөмірлері бірдей автомашиналардың жүргізушілеріне қатысты ҚР ҚК 385-бабы 3-бөлігі бойынша (көрінеу жалған құжатты қолдану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тергеу аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады. Автомобильдер айып тұрағына қойылды. Қалған автомашиналар бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.