Елордада «Менің отаным - Қазақстан» сериясымен жарық көрген «Қазығұрт» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

СТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Менің отаным - Қазақстан» сериясымен жарық көрген «Қазығұрт» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

«Қазығұрт өлкесінің қасиеті жөнінде бұған дейін дәл мұндайлық толымды еңбек жарық көрген емес. Сондықтан да бүгін осы кемістіктің орны толды деп айтуға болады. Бұл кітаппен танысқан әрбір адам өзінің елі, халқы, жері үшін мақтаныш сезімде болады деп ойлаймын. Ал бұл дегеніміз біздің жиі айтып жүрген отаншылдық тәрбиесінің үлкен тетігі болып табылады», деді шара барысында сөз сөйлеген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Әбдірахманов.

Кітапта Қазығұрт өңірінің арғы-бергі тарихи жүйелі жазылған. Қазығұрт тауына қатысты Нұқ пайғамбардың кемесі жайлы аңыздың мәлім әрі беймәлім сырлары да әсерлі баяндалған. Түрік қағанатының билеушісі Истеми, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Александр Македонский, Тұман ханым, Абылай хан, Төле би сынды айтулы тарихи тұлғалардың өмірлеріне қатысты деректер Қазығұрт бойында өткен оқиғалармен ұштастыра суреттелген. Сонымен қатар ауданның таңғажайып табиғаты, жан-жануарлар әлемі, өсімдіктер дүниесі және әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани келбеті жайлы да нақты деректерді таба аласыз. Басылымдағы мәліметтер кез-келген азаматтың қажетіне жарары сөзсіз.

«Қазығұрт» кітабының таныстырылымына көрнекті ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, тарихшылар, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кітап таралымы 3000 дана. Оның 2 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша, ал 1 мыңы танымал азамат Бекет Тұрғараевтың демеушілігімен жарық көріп отыр.

Айта кетейік, бұл кітап «Фолиант» баспасының «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен шығып отырған 6-шы кітап. Бұған дейін «Ұлытау», «Ойыл», «Ерейментау», «Отырар», «Баянауыл» кітаптары оқырман назарына ұсынылған болатын.