Елордада «Менің сүйікті дәрігерім» акциясы өтіп жатыр
ДДҰ өткен жылғы жариялауы бойынша әлемде гепатиттің созылмалы вирусын тасымалдаушы 325 миллион адам бар, яғни жер бетіндегі әрбір 20-сыншы адам гепатиттің белгілі бір түрімен ауырады.
Қазақстанда да өзге елдердегідей бауыр ауруы әлі күнге дейін әлеуметтік маңызы бар аурулардың қатарында, себебі бұл вирусты кез келген адамның жұқтыру қаупі жоғары.
Гепатиттің А және Е түрлері адам ағзасына тағам, су арқылы енеді. Ал В,С және Д гепатиттері қан және жыныстық байланыс арқылы беріледі. Соңғылардың А гепатитінен айырмашылығы адам ағзасына ене тұра, ешқандай белгі бермей созылмалы түрге айналу қаупі бар. Уақыт өте келе оның арты бауыр церрозы мен бауырдың қатерлі ісігіне апарады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше Қазақстанда гепатиттің созылмалы түрімен 50 мың адам науқастанған.
ҚР ПІБ МО ауруханасының бас гастроэнтерологы Бақытжан Бейімбетовтің айтуынша, сырқаттанушы аталған вирусты жұқтырып, білмей жүре беруі мүмкін. Мысалы С гепатиті адам ағзасына ешқандай белгісін байқатпайды.
«Көп жағдайда аталған вирустың ағзаға жұққаны басқа ауруларды тексеру барысында анықталады. Мысалы адам дәрігердің қабылдауына алғаш келіп тұр, бірақ онда гепатиттің вирусы әлдеқашан бар немесе асқынып кеткен. Статистикаға сүйенсек Қазақстанда көбінесе Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында гепатитпен аурудың көп жағдайы тіркеледі. Бұның әртүрлі себептері бар соның бірі қан құю және қан алмастыру кезінде орын алады»,- деді ол.
Одан бөлек дәрігердің айтуынша С гепатитіне қарсы екпе (вакцина) әлі күнге дейін табылмай отыр. Ал В гепатиті көбінесе 20-49 жас аралығындағыларда кездеседі. Егер уақтылы вакцина алған жағдайда иммунитет 98% қалыптасады. Сондықтан аталған аурудың алдын алудың тиімді жолы дәрігерге дер кезінде тексерілу және диагностикадан өту, - деп атап өтті дәрігер.
Осыған орай, бүгін аталған медициналық ұйым «Менің сүйікті дәрігерім» атты акция өткізді. Аталған шарада елордалықтар гепатитке қатысты білікті мамандардың кеңесін алып жатыр.