«Елордада мереке күндеріне дайындық қызу жүріп жатыр. Қалада көрмелер, концерттер, спорттық жарыстар ұйымдастырылуда. Сауда ойын-сауық орталықтары да тыс қалған жоқ. 14-15 желтоқсанда «Хан Шатыр» СОО «Жаңа жылдық сыйлықтар - 2014» алғашқы мамандандырылған көрме-жәрмеңкесі өтеді. Онда елорда тұрғындары өздеріне және жақындарына арнап эксклюзивті сыйлықтар сатып ала алады», - делінген хабарламада.
Көрменің арнайы бөлімінде мүмкіндігі шектеулі балалардың еңбектері ұсынылған. Іс-шараға түрлі бұйымдар мен кәдесыйлар жасаған №65 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысады. Келушілер балалардың өз қолымен жасаған бұйымдарын сатып алып, өздерінің тілектерін білдіріп, оларға көптен күткен қыс мейрамы қарсаңында қуаныш сыйлай алады.
Келушілерге арналған тосын сый - Астана қаласының №65 мектеп-гимназиясының оқушылары әзірлеген мерекелік концерт болмақ. Балалар дене қимылдарымен өлең айтып, поэтикалық оқулар мен сүйікті вокалдық шығармаларын орындайды.
Сонымен қатар, екі күн бойы көрме балалар үйлерінің, ауруханалар мен жетімдер үйінің кішкентай тәрбиеленушілеріне сыйлықтар жинау орнына айналмақ. Келушілер мейірімділік танытып, балаларға арналған тартуларын қалдырады. Акцияны ұйымдастырушылар сыйлықтардың кімге берілгені туралы ақпаратты әрбір қатысушыға хабарлайды.
«Жаңа жылдық сыйлықтар - 2014» көрмесінде өнімдердің мол таңдауы ұсынылған. Онда қазақстандық өнімдер де, Ресей, Түркия, Германия, АҚШ елдерінен көрмеге арнайы әкелінген заттар да сатылады. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары жаңа жылдық ойыншықтар мен аксессуарлар, кәдесыйлар, бижутерия, киім-кешектер, қолмен жасалған бұйымдарды, балалар мен үйлерге арналған тауарларды, сондай-ақ, ыдыс-аяқтар мен гүл композициялары мен интерьер заттарын таңдай алады.