Елордада мереке күндері санитария нормаларының сақталуын қадағалау күшейтіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы карантин және шектеу шараларының сақталуын бақылайтын мониторинг топтары мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қаладағы жағдай күрделенбеуі үшін, қатаң шектеулерді қабылдамау үшін үйде болу қажет, адам көп жиналатын орындарға шықпау және жиындар өткізбеу керек. Біз барлық тұрғындарды санитарлық нормаларды, карантиндік режимді сақтауға шақырамыз. Карантинді бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту қарастырылған», - деп қала тұрғындарына үндеу тастады бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жанна Пірәлиева.

Айта кету керек, Нұр-Сұлтанда үнемі бұзушылық жасағаны үшін Zoloto мейрамханасы, Alanya түнгі клубы, Janym Sol караоке-бары, Tekuila кафе-барының жұмысы тоқтатылды.


Жалпы алғанда, Нұр-Сұлтан қаласының аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына аудандық полиция басқармаларынан 2 458 материал, карантинді бұзған адамдарға қатысты үйлестіру орталығынан 261 жедел хабарлама келіп түсті.

Жалпы сомасы 274 383 554 теңгеге 1411 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кету керек, елордада мереке күндері қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көшеде және көпқабатты үйлердің аулаларында, әсіресе ойын-сауық мекемелерінің алаңдарында және азаматтардың басқа да жаппай демалатын орындарында патруль ұйымдастырылған. Патрульдік жасақтардың тығыздығы да арттырылды.