Елордада мерекелік қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Астана күніне орай 5-6 шілде күндері елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеде жергілікті фермерлер мен Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөністер мен жемістерді, ет, ұн және сүт өнімдерін, тәтті нан, табиғи шырындар, тосаптар, джемдер және тағы да басқа тауарларды тиімді бағамен сатып ала алады.

Іс-шара 5-6 шілде күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Нұрғиса Тілендиев даңғылы, 12а мекенжайындағы «Koktal» сауда-ойын-сауық орталығы аумағында өтеді.

Айта кетейік, елордада Бейбарыс Сұлтан көшесі, 23 мекенжайы бойынша (Рио-де-Жанейро тұрғын үй кешенінің қарсы бетінде) ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Ол күн сайын сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.

Жәрмеңке аумағына барынша ыңғайлы жету үшін оған жақын жерден № 2, 32, 49, 50, 73 бағытындағы автобустар қатынайды.

Айта кетейік, Астана күніне орай қалалық перфоманс фестивалі өтеді.