«Бүгінгі көрме еліміздің ұлттық мерекесі — Республика күні қарсаңында ашылып отыр. Еліміздің елдігі мен мәдени тарихы осындай мұралардан бастау алады. Жалпы „Мыңжылдықтар тоғысындағы Түркістан“ көрмесі — құнды мұраларымызды сақтап, оларды насихаттауды көздейтін іргелі жобалардың бірі. Тұжырымдамада ұлттық мәдениетімізді сақтау мен дамыту туралы қағидаттар және идеялар белгіленген. Мақсат — халқымыздың тарихи-мәдени құндылықтарының өткені, бүгіні мен болашағын таныстыру», — деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев аталған көрменің ашылу салтанатында.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрмені түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы мерейтойлық саммитіне орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы қоры ұйымдастырылып отыр.
Көрмені Ұлттық музейде тамашалауға болады.
«Көрме үш тарихи бөлімнен тұрады. Атап айтқанда „Тарихы терең Түркістан“, „Түркістан — түркі әлемінің рухани орталығы“ және „Жошы ұлысынан Қазақ хандығына дейін“. Барлық бөлімде еліміздің даму тарихы толық көлемде көрсетілген», — дейді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, көрмеде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің салыну тарихы, құрылыс ерекшеліктері мен құрылымы, кесенеге арнайы сыйға тартылған XІV ғасырдағы жәдігерлер таныстырылды.
130-ға жуық жәдігердің түпнұсқасы көпшілік назарына ұсынылды.