Елордада мұғалім, дәрігер және полицейлерге 3 000 тұрғын үй сертификаты беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылы елордада мұғалімдерге, дәрігерлер мен полицейлерге тұрғын үй сертификаттары беріледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана әкімдігі Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырманы іске асыру шеңберінде бағдарлама әзірледі. Оның аясында мұғалімдер, дәрігерлер мен полицейлерге 1 млн теңге көлемінде алғашқы субсидиялық жарна қарастырылады.

Әкімдікте өткен баспасөз конференциясында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ақмар Саипов атап өткендей, жыл соңына дейін 100-ге жуық сертификат бөлінеді деп жоспарлануда. Келесі жылы 3 мың сертификат бөлінбек. 

«ТҚЖБ мен Астана әкімдігі арасында бекітілген келісімнің шарты бойынша әрбір оператор яғни Білім, денсаулық сақтау және астаналық ІІД өздері іріктеу жүргізіп, тізімін жасап шығады. Содан соң, ол тізімді ТҚЖБ төлем қабілетін растау үшін ұсынады. Төлем қабілеті бар деп бағаланғандар тізімін бізге ұсынады, сосын біз субсидия төлейміз. Жыл соңына дейін қарашада қабылданған мәслихаттың шешімімен осы жылы 100 сертификатқа беруді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы 3 мың сертификат беріледі деп жоспарлануда», - деді ол.