Елордада мұнай-газ саласының әлеуметтік инвестициялары тақырыбында дөңгелек үстел өтуде

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін елордада «Қазақстанның мұнай-газ саласының әлеуметтік инвестициялары» атты тақырыпта дөңгелек үстел жиыны өтуде. Шара БҰҰ Даму бағдарламасы, Ұлыбритания Елшілігі, Қоршаған ортаны қорғау халықаралық институты және «Нұр Отан» ХДП жанындағы Парламентаризм институтының қолдауымен өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиынның мақсаты Қазақстанның мұнай-газ саласындағы әлеуметтік жауапкершіліктің бүгінгі жағдайы мен перспективаларын талдап, ол бойынша мемлекеттік органдарға және басқа да мүдделі ұйымдарға ұсыныстар әзірлеу болып табылады. Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдар өкілдері, Атырау мен Маңғыстау облыстарында қызмет ететін мұнай-газ компанияларының, азаматтық қоғам институтының өкілдері қатысуда. Сонымен бірге, басқосу барысында «Нұр отан» ХДП жанындағы Парламентаризм институты мұнай-газ саласының әлеуметтік инвестицияларына қатысты ағымдағы жағдайды қамтыған әлеуметтік зерттеулерін жариялады. Мұндай зерттеуде негізінен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік деңгейін анықтау, әлеуметтік инвестициялар саясаты және осы бағыттағы міндеттемелерді жүзеге асырудағы кедергілер қамтылып отыр. Зерттеуге еліміздегі 18 мұнай-газ компаниялары, 40-қа жуық мемлекеттік орган қызметкерлері, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы үкіметтік емес ұйымдар тартылған. Бұл зерттеуде әлеуметтік инвестиция мәселесі қоғамның әлеуметтік өмірін дамытуға қосылған ерікті үлес ретінде қарастырылады. «Жер қойнауын пайдалану туралы заңға енгізілген өзгерістерге байланысты әлеуметтік инвестиция саласы қосымша маңызға ие болады. Өйткені заң нормасына сәйкес, әлеуметтік инвестиция келісімшарттардың және келіссөздер үдерісінің негізгі бөлігіне айналды. Сондықтан да, бұл бағытта түрлі мүдделі тараптардың ой-пікірлерін талқылау да өзекті болмақ», деді басқосуда құттықтау сөз сөйлеген Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Пол Браммелл.