Ботаникалық бақ қыста қалай өзгергені туралы креативті директор Кристина Бекмырзаева айтып берді.
«Ботаникалық бақ қаламыздың ерекше орындарының бірі. Болашақта бұл жер Нью-Йорктің Гайд паркі сияқты керемет жасыл саябақ болады деп ойлаймын. Біз бақты безендірген кезде бұл жерде адамдар отбасымен уақыт өткізгісі келетіндей етіп жасауға тырыстық. Ботаникалық бақты ерекше, қызықты безендірдік. Бірінші онда суретке түсу үшін көптеген жер бар. Сонымен қатар, ашық аспан астындағы галереямыз, шағын сәулет нысандары да бар. Жаңа жылдық шыршаның артында суретшілеріміз салған суреттер бар. Мерекелік атмосфера сезіліп, мүлдем басқаша қабылданады», деді креативті директор.
Оның айтуынша, екінші аймақтың негізгі ерекшелігі – аққала орналасқан жер.
«Қазір аққала саны 300. Қала тұрғындары аққала санын арттыруға көмектессе нұр үстіне нұр болар еді. Біздің жұмысымыздың басты қағидаттарының бірі - бұл партисипативті тәсіл. Сондықтан қала тұрғындары атсалысып, ботаникалық бақты безендіруге өз үлестерін қосады деп үміттенеміз», - деді Кристина Бекмырзаева.
Үшінші аймақ - ең басты аймақ. Бұл жерде жаңа жылдық шырша орналасқан. «Егер сіз шыршаға назар аударсаңыз, шыршаның қарлығаштармен безендірілгенін байқайсыз. Бұл суретшілердің шешімі. Қарлығаш – келесі жылдың бақыт символы. Сондай-ақ, қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін біз жылы сфералар орнаттық. Аязды күндері далада демалу үшін жағдай жасауға тырыстық. Сондай-ақ, біз балалар үшін арнайы кішкентай хоккей алаңын жасадық. Ата-аналарымен бірге келіп ойнай алады. Безендіру элементтері қала тұрғындарын отбасымен уақыт өткізуге ынталандыруы керек. Сондықтан біздің фестиваль «NS Family WinterFest деп аталады», - деді Кристина Бекмырзаева.