Елордада музей түні акциясы өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы Ұлттық музейде «Музей түні» акциясы өтіп жатыр. Мәдени іс-шара Халықаралық музей күніне арналған.
Іс-шараның ашылу рәсіміне қатысқан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев Ұлттық музей қызметкерлері мен жиналған қауымды Халықаралық музей әрі алдағы уақытта өтетін мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекелерімен құттықтады.
«Барлығыңызды осынау мерекемен – Халықаралық музей күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жалпы, бұл мереке жыл сайын мәдениетіміз бен тарихымыздың ортылығы саналатын еліміздің басты музейі – Ұлттық музейде өткізіліп келеді. Бүгінде музей тек қана мәдениет нысаны ғана емес, сонымен бірге білім мен ғылым орталығына айналып отырғанын атап өткен жөн. Ол жас буынның бойына білім мен шығармашылыққа деген сүйісеншілік дәнегін себеді. Сол себепті бүгінгі іс-шараның маңызы қоғам үшін өте зор», - деді Сәбит Барлыбаев.
Қазіргі уақытта музейге өте көп адам жиналған, көпшілігі отбасымен келген. Оларға «Астана сазы» Қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Музей қонақтарына қолөнершілер жәрмеңкесі, «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» мен «Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі» көрмелері, Ұлттық музейдің Консервация және қалпына келтіру қызметінің шеберлік сабақтары, «Музей қорындағы атақты тұлғалар домбырасының үнін жаңғырту» атты лекция-концерт паш етілді. Сонымен қатар театрландырылған экскурсия, «Жұлдызды гид. 10 жұлдыз. 10 жауһар» шоу-жобасы да көрермен көңілінен шығып жатыр.
«Шынымен айтсам, мұндай іс-шараға алғаш рет куә болып отырмын. Бұрынырақ естігенмін, теледидардан да көрген едім. Ал осы жерге келіп, мәдени іс-шараны өз көзіңмен көру сезімі бөлек екен. Иә, әдетте музейде мұндай көп адам бола бермейді. жазды жайма шуақ күніндегі мұндай мереке көңілімізден шығып жатыр. Музейде уақытыңды көңілді әрі пайдалы өткізуге болады екен», - деді «Музей түні» акциясын алғаш рет келген Анар Бекжанова.
Айта кетейік, іс-шараның мақсаты – рухани-мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әр түрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну. Музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау.
Бұл күні таңғы сағат 10:00-нан бастап «Балдырған гид» шолу экскурсиялары, Ұлттық музейдің ғылыми жобалар аясында жарық көрген кітаптардың тұсаукесері, картина мен мүсін туындыларына көшірме жасаудан шеберлік сыныбы мен Ұлттық музейдің жобалары аясындағы музейлік сабақтар өткен болатын. Аталған мәдени іс-шара Ұлттық музейде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Өткен жылы келушілер саны 48 мыңға жуықтады.
Естеріңізге сала кетейік, «Халықаралық музей күні» мерекесі 1977 жылы халықаралық музейлер кеңесінің бас конференциясында бекітілген. Сол жылы алғашқы «Музей түні» іс-шарасы Берлин қаласында өтті.