Елордада Н.Үсенбаеваның Наурыз мейрамына арналған концерті өтті

СТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше кешқұрым Астанадағы Конгресс-Холл сарайында Қазақстанның опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваның «Қуанамын» атты жеке концерті өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан және Татарстан республикаларының халық әртісі, бірқатар Мемлекеттік және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері Н.Үсенбаева, өзінің шығармашылық кешін Наурыз мейрамына арнады.

«Наурыз айында бүтін қазақ жұртына амандық, ал тәуелсіз елімізге ашық аспан тілеймін. Менің әкем не істесең де оны бар ынтаңмен, шын пейіліңмен қуанып істе дейтін. Өмірдің әрбір сәтіне қуана білу маңызды. Концерттің «Қуанамын» деп аталуы да осы себепті», - дейді ол.

Концерт Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Айтқали Жайымов.

Н.Үсенбаеваның орындауында Ыбырайдың «Гәкку», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Ажардың ариясы, «Дедімай-ау», «Дайдидау», «Алқоңыр» және тағы басқа халық әндері, Ш.Қалдаяқовтың «Қайықта», «Арыс жағасында», Л.Ардитидің «Сүйіс», И.Штраустың «Жарқанат» оперетасынан үзінді, барлығы 15-ке жуық ән шырқалды.