Елордада Наурыз мерекесінің құрметіне халықтық серуен өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала әкімдігінің алдындағы алаңда Наурыз мерекесінің құрметіне халықтық серуен өтіп жатыр. Мереке күні концерттен басталды. Көрермендер назарына ұлттық билер, оркестр және театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Сондай-ақ, түрлі ұлт өкілдері өздерінің ұлттық әндері мен билерін орындады.

Бұл туралы әкімдіктің ресми сайтында хабарланды. Концерттен бөлек, алаңда мерекелік байқаулар мен сайыстар ұйымдастырылуда. Бұнда кез келген адам бағын сынай алады.

Сонымен бірге, Наурыз мерекесі күндері «Астана ЭКСПО - 2017» Ұлттық компаниясы халықтық серуендер ұйымдастыруға ат салысуда. Бүгін қала тұрғындары мен қонақтары халықаралық мамандандырылған көрме туралы қызықты мәліметтермен танысуға мүмкіндік алды. Көрме нысандарының құрылыс қарқынымен және оладың дайындығы туралы бейнероликтер көрсетіледі.

«Астана ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясы басқарма директорының айтуынша, «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін көрме баршаға қолжетімді энергияның дамуына жол ашатын жаһандық тренд болып табылады.

«ЭКСПО-ның тақырыбы бірегей және ол осы тақырыптардың дамуына зор үлес қоса алады. Наурызда жаңашылдық, жасампаздық, бейбітшілік тілейміз. Қазақстан осы жоба арқылы алдағы мыңжылдықтарда адамзаттың дамуына зор үлес қосады дегім келеді», - дейді «Астана ЭКСПО - 2017» ҰК» АҚ басқарма директоры Салтанат Рахымбекова.

Қалалық алаңдағы киіз үйлерде кез келген адам қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм тата алады.