Елордада өтетін Алматы күндерінде көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы Алматы күндері аясында бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған, деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

5 қарашада сағат 11.00-де ҚР Ұлттық музейінде «Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі» мультимедиялық көрмесі мен Алматы туралы фотокөрменің ашылуы өтеді. Онда Алматы тарих музейі қорынан экспонаттар ұсынылады. Көрменің мультимедиялық контентін Жетісуға және көне дәуірден осы уақытқа дейінгі кезеңді қамтитын алғашқы қазақстандық мегаполиске арналған бірегей тарихи суреттер құрайды. Сондай-ақ көрмеге Алматы қаласы бойынша 3D тур ұсынылады. Астана қонақтары мен тұрғындары қаланың танымал, мәдени, маңызды нысандарымен таныса алады. Көрме 2016 жылғы 5 желтоқсанға дейін жалғасады.

5 және 6 қарашада Алматы қаласы Мәдениет және мұрағаттар басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театры Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драмалық театрының сахнасында «Алтын Адам» аңыз спектаклінің қойылымын, сондай-ақ «Қуыршақтар шоуы» мерекелік спектаклін ұйымдастырады. Театрдың фойесінде екі күн бойы театр ұйымдастырған «Қуыршақтар көрмесі» өтеді.

5 қараша сағат 15.00-де Ұлттық кітапханада Астана қаласының жастарымен танымал қазіргі ақындардың кездесуі өтеді: Ғалым Жайлыбай, Маралтай Ыбыраев, Қасымхан Бегманов, Жанарбек Әшімжанов және т.б.

Дәл осы күні сағат 18.00-де Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған, Алматы қаласы әкімінің Эстрада-симфониялық оркестрі мен қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен «Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты гала-концерт өтеді. Концертке Айқын Төлепбергенов, Луина, Димаш Құдайбергенов, Диана Шарапова, Әли Оқапов, «Мұзарт», «Қоңыр», «КешьЮ» «Жігіттер», «Сарын» және «Ринго» топтары қатысады.

6 қараша сағат 15.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Сазген Сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Нұржан Жанпейісов, Талғат Әбуғазы, Айгүл Қосанова, Шолпан Даржанова, Ұлжан Байбосынова, Тілеулес Құрманғалиев секілді танымал дәстүрлі өнер орындаушыларының қатысуымен «Мәңгілік мұрат» атты дәстүрлі музыка концерті өтеді.