Елордада өтетін айтулы концертке 700 билет тегін табысталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы елордада эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін «Жеңіс туы, желбіре» атты концертке келетін меймандарға 700 билетті тегін таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталмыш ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Билеттер «Қазақконцерт» МКҰ ұжымының соғыс және тыл ардагерлері қауымдастығы, Қазақстанның «Ардагерлер ұйымы», Астана қалалық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері», «Чернобыль ардагерлері», Қарттар үйі, «Шарапат» әлеуметтік қызмет орталығы, Астанадағы «SOS балалар ауылы» және балалар үйінің өкілдеріне берілді. 

«Жеңіс күні - халқымыздың ержүректігі мен төзімділігін паш ететін, тарих толқынында мәңгі есте қалатын күн. Батыр бабаларымыздың ерлігін ұлықтау - ұрпаққа аманат. Сол аманатты арқалау сіз бен біздің парызымыз. Өздеріңізге белгілі, өнер ордамыз халықаралық және республикалық деңгейдегі мәдени іс-шараларды көп өткізеді. Бұған қоса, біздің ұйымда сапалы концерттердің халыққа қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында қайырымдылық концерттері жиі өткізіліп тұрады. Солардың бірі - «Жеңіс туы, желбіре!» концерті», - деді «Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдоллаұлы.

 

«Қазақконцерт» бірлестігінің басшысы аталған ұйымдарға «Жеңіс туы, желбіре!» концертіне тегін билеттермен қоса, материалдық көмек те көрсетілетінін айтты.

Жеңіс Сейдоллаұлы бұл қайырымдылық эстафетасын өзге өнер ордаларына жалғастыруды ұсынды. 

Шара барысында сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елорданың 20 жылдық мерейтойына орай «Астана» II Дүниежүзілік театр фестивалі өтетіні атап өтілді. 

Айта кетейік, 7 мамыр күні сағат 19.00-де Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында  эстрада жұлдыздарының қатысуымен және оркестрдің сүйемелдеуімен «Жеңіс туы, желбіре» атты концерт өтеді.  Жанрлық тұрғыдан ерекшеленетін концертте театр әртістерінің қойылымдары көрсетіледі.