Елордада өткен конференцияда заманауи қауіп-қатерлердің қалыптасуы мен қауіптілік деңгейінің негізгі факторларына айрықша көңіл бөлінді - ҚР ҰҚК
«Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі: қазіргі замандағы қауіп-қатерлер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметінен хабарлады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Владимир Жұмақанов өзінің кіріспе сөзінде аталған ғылыми-тәжірибелік конференцияның «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ҚР Президентінің халыққа жолдауын жүзеге асыру аясында өткізілген аса маңызды шара болып отырғанын атап көрсетті. Бұл ретте заманауи қауіп-қатерлерді жүйелі зерделеуге және мән-маңызын тануға бағытталған іргелі, қолданбалы және болжамдық-талдау зерттеулерінің алар орны ерекше.
Конференцияда Парламент депутаттары, Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері, бірқатар жетекші ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен ғалымдары баяндама жасады. Баяндамаларда заманауи қауіп-қатерлердің қалыптасуы мен қауіптілік деңгейінің негізгі факторларына айрықша көңіл бөлінді. Өңірлік және халықаралық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми тұрғыдан ұғынудың өзекті аспектілері, соның ішінде терроризммен күрестің ерекшеліктері, діни эктремизмнің алдын алудағы, террористік және экстремистік іс-қимылдың кез келген белгілеріне төзбеушілік танытудағы қоғамның ролі талқыланды.
Конференция барысында сараптамалық бағалаулар ортаға салынып, сындарлы пікір алмасулар болды, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы стратегиясын жүзеге асыру бойынша қолданылған іс-шаралардың тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстар мен нұсқаулар қаралды.