Елордада полиция күні аталып өтілді - ФОТО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының Ішкі істер департаменті «Студенттік» паркінде Қазақстан полициясы күніне арналған іс-шара өткізді, деп хабарлайды Астана қаласы ІІД-нің баспасөз қызметі.

Онда елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ, полиция жеке құрамы мен олардың отбасы мүшелері шақырылды.

Қазақстан полициясы күні қазақстан полициясын құрған және сол полиция қатарында аянбай қызмет етіп жүргендерге алғыс білдіру күні болып саналады. Полицияда қызмет атқару - әділетсіздікпен шексіз күресу жолында, өз кәсібіне қажеттілікті сезінетін адамдардың ғана қолынан келетін күрделі, сонымен қатар, қауіпті еңбек және ол мол ықтиярлықты талап етеді.

Қазақстан полициясы күнін мерекелеу Патрульдік полиция полкі ерлер хорының 10-жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Хордың құрамында кәсіби музыканттар мен әншілер ортасында танымал болып жүрген полицейлер бар. Хордың жетекшісі - Республикалық конкурстардың жеңімпазы, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің концертмейстері Ғалия Садымова. Хордың орындауында «Нұр Астана», «Полиция Маршы», «Сарбаз парызы» атты әндер шырқалды. Осы шараға әр түрлі конкурстардың жеңімпазы, талантты ұжым - Астана қаласы ІІД-нің «Жігер» фольклорлық ансамблі де өз үлесін қосты. Сонымен қатар, Бауыржан Исаев, Меруерт Түсіпбекова, Маржан Арапбаева сияқты қазақстан эстрада жұлдыздары полицейлерді құттықтап, ән шырқады. Астаналық филармония мен астана циркінің әртістері де өз өнерлерін ортаға салды.

Мерекелеу бағдарламасында елорда аумағында жедел ахуалды белсендіруге ат салысып жүрген, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісі сарбаздары көрініс қойды. Сонымен қатар, қару-жарақ, арнайы экипировка және техниканы жасақтау, сондай-ақ, «Робинсон - R-44» тікұшағының көрінісі өтті.

Мерекелік бағдарламада қызметтік-іздестіру иттерімен бірлесіп, Кинологиялық қызмет орталығы кинологтары көріністер қойды. Бүгінде, кинологиялық қызмет орталығында неміс, шығыс-еуропалық, қасқыр тұқымдас, кәсіби дайындалған қызметтік иттері бар инспектор-кинологтардың кәсіби ұыжымы жұмыс істеуде. Қызметтік-іздестіру иттерінің қатысуымен әр түрлі сипаттағы қылмыстың көп саны ашылды.

Мерекелеу аясында спорттық іс-шаралар да өтті: гир көтеру, қоян-қолтық ұрыс, дартс турнирі, допты қағу, шахматтан өтетін блиц-турнир. Жүлделі орын алған жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Балалар сауығы үшін де алып ойын алаңы жабдықталды. Батуттар, ат үстінде серуендеу, Астана қаласы Қуыршақ театры аниматорларының және елорда циркі сайқымазақтарының қатысуымен қойылған түрлі сайыстар балаларды қызыққа бөледі.