Елордада психикалық әсер ету арқылы алданған жандарға кеңес беруге арналған семинар-тренинг өтіп жатыр

АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы «Тәңірі" қонақүйінде «Теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтары» қауымдастығының алғашқы біржылдық жұмыс қорытындысы мен ресейлік және отандық танымал мамандардың қатысуымен «Психикалық әсер ету арқылы алдауға түскен адамдарға кеңес беру» семинар-тренингінің ашылуына арналған баспасөз мәслихаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қауымдастық президенті Юлия Денисенконың айтуынша, өткен жылы бұл ұйым құрылған сәтте елімізде теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығы Қостанай, Өскемен және Көкшетау қалаларында ғана болған.    Қазіргі уақытта елімізде осындай 13 орталық қызмет көрсетеді. Жыл соңына дейін әрбір облыста жоғарыда аталған діни ағымдар туралы шынайы ақпарат беріп, зардап шеккендерді оңалтуға көмек беретін орталықтар құрылады.

 «Семинар-тренингтің негізгі мақсаты - теріс пиғылды діни ағымдар туралы шынайы ақпарат беру. Себебі, бұл діни ағымдар Қазақстан Республикасының Конституциясы кепілдік беретін ақпарат алу құқығын шектейді. Кез келген діни ағымға тартушы осы діни ағымға кірсеңіз ақшаңызды, үйіңізді, пәтеріңізді, жұмысыңызды, жалпы айтқанда бүкіл өміріңізді осы ұйымға арнайтыныңызды сізге айтпайды. Біз осыны әшкерелейміз. Бұл біздің қауымдастықтың ең негізгі, ең басты мақсаты», дейді Юлия Денисенко.

Оның айтуына қарағанда, қауымдастықтың құрамына кіретін әрбір орталық зардап шеккендерді оңалту жұмыстарымен айналысып, олардың сектадан шығуына қолұшын береді.