Елордада радио күніне орай «ASYL MURA» этнофестивалі өтті

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы «Jeti qazyna» этнопаркінде радио күніне орай Қазақ радиосының ұйымдастыруымен «ASYL MURA» деген атпен этнофестиваль өтті. 

Этнофестивальде атпен серуен, бүркіт пен тазылар шоуы, этно-дефиле мен ұлттық би және қызықты конкурстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Ең үздік ұлттық киім», «Ең ұзын бұрым», «Үздік этнокартина», «Үздік отбасы» номинациялары бойынша жарыс өткізілді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Айта кетейік, осыдан 4 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қазанды «Радио күні» деп жариялады. Міне, содан бері бұл күн радио қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне айналды. Этнофестиваль сол атаулы күнге орай өткізіліп отыр.

Бұл жолғы шарада ұлттық спортты, мәдениетті, қолөнерді, ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға арналған екен.

Атап айтар болсақ, текемет-шоу, киіз үйлер, ұлттық тағамдар, қымызмұрындық, қолөнер жәрмеңкесі және Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысумен гала-концерт болды. Фестивальде қазақтың ұлттық ойындары да жиылған қауым назарына ұсынылды.

Этнофестивальге келушілер қызықты концерт тамашалап, әртүрлі ұлттық тағамдардан дәм татты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Аталған іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Нұртас Көшеров бұл этнофестиваль асыл мұрамызды халыққа насихаттау мақсатында өткізілгенін айтты. 

– 2021 жылдан бері ҚР Президентінің тапсырмасымен Радио күні аталып өтеді. Бұл – біздің кәсіби мерекеміз. Осы мереке қарсаңында Астана қаласындағы «Jeti qazyna» этнопаркінде «ASYL MURA» деген атпен фестиваль өткізіп отырмыз. Бұл жолғы іс-шараны өткізудегі мақсатымыз – қазақ радиосы тек ұлттың өнерін, әнін, термесін, жырын ғана дәріптеуші ғана емес, сонымен қатар қазақтың ұлттық спортын, мәдениетін, қолөнерін, салт-дәстүрін насихаттаушы екенін көрсету, - деді Н.Көшеров. 

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Сондай-ақ Нұртас Солтанұлы аталған шараға қатысып жатқан барлық кәсіпкер ешқандай төлем төлемей-ақ өз саудаларын жасап, кәсібін насихаттай алатынын жеткізді. 

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Атап өтерлігі, ұлттық дәстүр мен өнер тоғысқан мерекеде атпен серуен, бүркіт пен тазы шоуы, этно-дефиле және сан түрлі сайыстар келушілерге ерекше әсер сыйлады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Кештің ең негізгі атап айтар ерекшелігі келуші қонақтар көңілінен шыққан Гала-концерт болды. Түрлі өнер мен дәстүр тоғысқан сахна қонақтарды мерекелік көңіл күйге бөледі.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Этнофестиваль соңында қызықты конкурстардың жеңімпаздары анықталды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Үздік ұлттық киім:

1 орын - Кербез Nodes тобы

2 орын - Нұрай Есмағұлова

3 орын - Жусан клубы

Үздік жанұя - 95 жастағы Зихан ана бастаған Әділхан отбасы.

Ұзын бұрым:

1 орын - Батима Бектұрған

2 орын Ошанбай Нұрайым

3 орын Қанархан Раяна

Ұлттық қолөнер:

1 орын Оразғалиев Архат

2 орын Бимендина Сара

3 орын Мағданова Құрлай

Садақ ату:

1 орын Алмисаева Назым

2 орын Мамажанова Ақбота

3 орын Мауина Гүлсән.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

«Asyl mura» этнофестивалінің ең құнды сыйлығы Түркияға екі адамдық тегін жолдама болатын. Аталған жүлдені ұтып алу үшін өтіп жатқан бүгінгі фестиваль жайлы үздік креативиті видео жариялау керек. Бұл байқауда Рақымжан Ералы есімді азамат жеңімпаз деп танылды. Әлеуметтік желіде үздік видео жариялаған қатысушыға Түркияға жолдама табысталды.

Фото: видеодан алынған скрин